Бас бет Жаңалықтар «Салалық журналистика: мұнай және газ тақырыбына тән ерекшеліктер»

«Салалық журналистика: мұнай және газ тақырыбына тән ерекшеліктер»

51 қаралды
0

2019 жылдың 27 қыркүйегінде Нұр-Сұлтан қаласында KAZAKHSTAN ENERGY WEEK 2019 – KAZENERGY ХІІ Еуразиялық Форумы аясында БАҚ өкілдеріне арналған «Салалық журналистика: мұнай және газ тақырыбына тән ерекшеліктер» атты семинар-тренинг болып өтті. Оған Алматы, Ақтөбе, Ақтау, Атырау, Нұр-Сұлтан, Орал қалаларынан журналистер қатысты.

Тренингті ұйымдастырған Қазақстандағы «Шеврон» компаниясы және «Бизнес Медиа» Компаниялар тобы» серіктестігі атынан республикалық «Деловой Казахстан» газеті. Экономика саласын зерттеп жүрген журналистерге арналған бұл шараның басты мақсаты – салалық журналистиканың қазақ тілінде дамуына үлес қосумен қатар, журналистерді отандық және әлемдік мұнай-газ индустриясының бүгінгі тыныс-тіршілігімен, сала ішіндегі трендтермен, мұнай кәсібіне тән ерекшеліктермен таныстыру; мұнай және газ саласына тән ақпараттарды, мәліметтерді дұрыс қолдану, мұнай және газ өнеркәсібіне экономикалық тұрғыдан талдау жасау тетіктерін игеріп, талқыға салу, т.т. Тренингті экономикалық журналистикаға, мұнай және газ саласына маманданған тәжірибелі журналистер, медиатренерлер Асия АКИШЕВА және Елена БУТЫРИНА бірлесе жүргізіп, тренингке қатысушылармен өздері жинақтаған мәліметтерімен, тәжірибелерімен бөлісті.
«Жалпы, бұл Қазақстандағы «Шеврон» компаниясы мен республикалық «Деловой Казахстан» газеті ұйымдастырып отырған үшінші тренинг деуге болады. Былтыр осы тақырыпта біз Атырау және Алматы қалаларында екі мәрте тренинг ұйымдастырдық, сонда, менің байқағаным, мұнай және газ саласында деген шынайы қызығушылық, әсіресе, қазақ тілді журналистер тарапынан басым болды. Сондықтан да биыл өткізілген тренингке, біз, тек, қазақ журналистерін шақырғанды жөн көрдік. Бұл жолы да тренингке қатысқан әріптестеріміз тақырып бойынша көптеген сұрақ қойып, өз білімдерін шыңдауға дайын екендіктерін көрсетті», – дейді танымал журналист, медиатренер Елена Бутырина.
Айта кетейік, тренингте Қазақстандағы мұнай және газ өндірісінің жалпы құрылымынан бастап, еліміздегі ең ірі мұнай кеніштері, Каспий қайраңындағы геологиялық барлау жобалары мен көмірсутегі шикізаттарын тасымалдау бағыттары, көмірсутегі өнімдерін өңдеу саласы туралы, сондай-ақ әлемдік мұнай және газ нарығындағы мұнайдың сорттары, көмірсутегі өнімдері нарығындағы баға саясаты, ОРЕК ұйымы мен ОПЕК+ ұсыныстары туралы айтылып, жалпы, іскерлік журналистика саласында қызу талқыға салынуы тиіс өзге де бірқатар тақырыптар қамтылды.
«Әу баста, біз тренингке, ең алдымен, экономика, іскерлік тақырыпқа негізделген журналистерді шақыруды көздедік, өйткені тренингтің басты мақсаты – салалық журналистиканы, оның ішінде іскерлік, экономикалық журналистиканы дамыту. Іскерлік форматтағы журналистика ел экономикасының даму көрсеткішін айғақтайтын бағалаушы фактордың бірі.Оқырман мен көрермен тарапынан экономикалық ақпаратқа, экономикалық тақырыпқа деген сұраныстың артуынан – халықтың ой-санасында, қимыл-әрекетінде, әл-ауқатында белгілі бір деңгейде трансформация орын алғанын байқауға болады. Өйткені, тұтынушы экономика ішіндегі құралдар мен тетіктерді қалай дұрыс пайдалану керек деген сұраққа жауап іздей бастайды. Ал, тұрғындар тарапынан туындаған қандай да бір қажеттілік – экономиканың белгілі бір нарығын зерттеуге тікелей жол ашады. Сондықтан да біз, тренинг барысында, мұнай және газ саласын экономикалық тұрғыдан талдап, фактілер мен аргументтерді дұрыс қолдану дегенге басты назар аудардық», – дейді медиатренер Асия Акишева.
Тренингке қатысқан журналистердің пікірінше, БАҚ өкілдеріне арналған мұндай оқыту шаралары қазақ тілінде өте өзекті, оның ішінде, әсіресе, мұнай және газ саласына қатысты журналистердің басын қосатын өзіндік алаң аса қажет-ақ. «Тренинг өте жақсы өтті. Мұнай саласы туралы білеміз дегеніміз – бер жағы ғана екен. Ең бірінші, мұнай өндіру көрсеткіштері туралы ақпараттарды дұрыс ажырату, яғни мұнай және газ конденсатының көлемі дегендей, мұнайға қатысты баррель, тонна сынды өлшемдерді дұрыс қолдану, одан кейін ОПЕК алдындағы келісім –өте қажет дерек болды. Солсияқты, мұнай және газ құбырлары туралы слайдпен берілген ақпарат та санаға жақсы сіңді, бұрындары, өз басым, тек, Каспий құбыр консорциуымы туралы ғана білетін едім», – дейді «Айқын» республикалық қоғамдық-саяси газетінен қатысқан журналист Бауыржан САБЫРБЕКОВ.
«Атырау облысы қазақ мұнайының астанасы болғандықтан, өңірдегі жаңалықтардың басым бөлігі осы салаға тікелей қатысты. Өндірістің тыныс-тіршілігі, енгізілген озық технологиялар, мұнайшылардың еңбегі – бұл маңызды тақырыптар атыраулық журналистердің назарынан тыс қалған емес… Енді, қазақ журналистеріне арналған осы тренингте тәжірибелі журналистер Асия Акишева мен Елена Бутыринадан үйреніп, көңілге түйгенімізді жұмыс барысында барынша қолданып, өндіріс жайын шемішкедей шағатын мықты сарапшы журналистер деңгейіне шығуға әрекеттенеміз деген ұмтылыс бар, сол үшін де осы тренингті ұйымдастырушыларға рақмет айтамын», – дейді «Атырау» облыстық газетінің журналисі Айбөпе САБЫРОВА.
«Тренинг өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Мұнай және газ тақырыбына қатысты біз білмейтін көптеген мәліметтер қамтылған, алдағы уақытта сол ақпаратты, сол деректерді өз жұмысымызда кәдеге жаратамыз, – дейді «Орал өңірі» облыстық газетінің экономикалық бөлімінің редакторы Нұрбек ОРАЗАЕВ. – Тренерлер – Асия және Елена ханымдар өздері зерттеп жүрген тақырыптар бойынша шебер мамандар екендерін көрсетті, оны сөйлеу мәнерінен, сөз саптауларынан-ақ бірден байқадық. Мұнай тарихы туралы да көп нәрсе біле бермейді екенбіз, оның сыртында мұнай саласын экономикалық тұрғыда зерттеп, талдаудың өзі ерекше өнер: тренинг барысында, өз басым осы тұрғыда тың деректер алдым. Жалпы, қазақ тілінде экономика тақырыбына, мұнай және газ саласына қатысты мұндай шаралар аз, сондықтан да, ұйымдастырушыларға алғысымды білдіргім келеді әрі алдағы уақытта да журналистерге арналған осындай оқыту шаралары өз жалғасын тапса деген тілегім бар».
Тренинг барысында, қатысушылар тарапынан да бірқатар ұсыныс айтылды. Республикалық «Қала мен Дала» газетінің онлайн нұсқасының редакторы Думан БЫҚАЙ: «Бүгінде қазақ журналистері мұнай және газ саласына қатысты терминдерді әркім өзі түсінген нұсқада аударып, қоланып жүр, біз осы мәселені көтеріп, алдағы уақытта сала ішіндегі терминдерді бір ізге түсіріп, түпкілікті дұрыс нұсқасын қолдануды қолға алсақ», – дейді.

«Шеврон» корпорациясы әлемнің біріктірілген жетекші энергетикалық компанияларының бірі болып табылады. Компания мұнай мен газды геологиялық барлауды, өндіру мен тасымалдауды; көлік отынын және жанар-жағар май материалдарын қайта өңдеуді, маркетингін және өткізуді; мұнай химиясының өнімдері мен қоспаларын өндіру мен сатуды; сондай-ақ компания қызметінің барлық салаларында тиімділікті көтеру технологияларын әзірлеу мен енгізуді жүзеге асырады.
«Шеврон» Қазақстандағы жетекші жекеменшік мұнай өндіруші компания болып табылады және елдің екі ірі – Теңіз және Қарашығанақ кен орындары акцияларының иесі. Корпорация сонымен қатар Каспий құбыр желісі консорциумының ірі жеке акционері болып табылады, сондай-ақ Атырау қаласындағы полиэтилен құбырлары зауытының және құбыр желісі арматурасы зауытын тиімді басқарады. Байланысатын тұлға: Айнұр Сыдыкова, Алматы қ., Қазақстан: + 7 727 298-0663

Пікір қосу

Please enter your comment!
Please enter your name here

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.