Бас бет "Түркітілдес журналистер қоры" ҚҚ «ӘЛЕУМЕТТІК ЖУРНАЛИСТИКА: БАҚ-ТАҒЫ ӘЛЕУМЕТТІК МӘСЕЛЕЛЕР»

«ӘЛЕУМЕТТІК ЖУРНАЛИСТИКА: БАҚ-ТАҒЫ ӘЛЕУМЕТТІК МӘСЕЛЕЛЕР»

18 қаралды
0

 

2019 жылдың 10-11 тамызында Нұр-Сұлтан қаласында «Әлеуметтік журналистика: БАҚ-тағы әлеуметтік мәселелер» тақырыбына арналған қазақ тілді журналистерінің басын қосқан семинар-тренинг өтті. «Түркітілдес журналистер қоры «Шеврон» компаниясының қаржылай қолдауымен өткізілген шараға елордадан бөлек Маңғыстау, Ақтөбе, Қостанай, Орал, Жезқазған, Көкшетау, Семей, Өскемен сияқты аймақтардан журналистер қатысты.

Төртінші билік өкілдерінің біліктілігін арттырып, заманауи медианың көшіне ілестіруді мақсат еткен Нәзия Жоямергенқызы тізгіндеген «Түркітілдес журналистер қоры» алдымен еліміздің Алматы қаласынан бастаған шара Нұр-Сұлтан шаһарында жалғасын тапқандығын айтып өту керек. Медиа-тренерлер білгенімен бөлісті. Негізгі тақырып – фото, видеомен жұмыс, ақпаратты визуалдау, әлеуметтік желіде сауатты ақпарат тарату және т.б. құралдармен жұмыс жасаудың қыр-сырымен бөлісу болды.
Қазіргі уақытта журналистің әмбебап болуы – заман талабы. Бүгінде тілшінің өзі суретке немесе бейнеге түсіріп, репортаж таратуы таңсық дүние емес. Жалпы, тұтас материал дайындау үшін қабілетті болу заңды және журналистік зерттеулердің нәтижесінде мыңдаған кейіпкердің проблемалары оң шешімін тауып жататыны жасырын емес. Мәселен, «QAZAQSTAN» Ұлттық арнасының эфирінде шығатын «QAREKET» бағдарламасының журналисті әрі продюсері Самал Мейрамқызы, семинарға қатысушыларға қиын жағдайға тап болған кейіпкерлер төңірегінде дәріс оқып, бірнеше мысал келтіріп өтті. Оның айтуынша, алдымен кез-келген ақпараттың жалған немесе рас екендігіне көз жеткізіп алған дұрыс. Сюжет дайындау барысында өзінің немесе өзгенің пікірінен бұрын, нақты дәлелге мән беру қажет.


Сондай-ақ, Түркітілдес журналистер қорының медиа-тренерлер мектебінің тәжірибелі мамандары да дәріс оқыды. Соның бірі Ұлыбританиядағы Лестер университетінің PhD докторы, Оксфорд университетінің құқық магистрі, Біріккен Ұлттар Ұйымының заң кеңесшісі болып жұмыс жасаған Халида Әжіғұлова журналистердің қызметін реттейтін халықаралық және қазақстандық құқықтық стандарттар, БАҚ-та және әлеуметтік желідегі агрессия, жеке бастың қауіпсіздігі мен құпиясы, анонимдікті сақтау және т.б. өзекті тақырыптар туралы кеңінен түсіндіріп өтті.
Семинар барысында әр өңірден келген әріптестер үш топқа бөлінді. «Ботасын іздеген бозінген…» атты тақырыпты қозғаған үш команданың бірі 22 жылдан бері ұлын зарыға күткен ана туралы тапсырма кеңінен ашып, журналистік зерттеу кезінде қандай басты мәселелерге назар аудару керектігі туралы тоқталып өткен болатын. Медиа-тренерлер тарапынан жоғары баға алған жеңімпаз команда күзде Алматы қаласында өтетін республикалық медиа-форумға шақырту алды.
Айта кету керек, семинар-тренинг еркін форматта өтті. Журналистер ашық пікірлерін, көзқарастарын білдіріп қана қоймай, өздерін толғандырған сұрақтарға жауап іздеді. Медиа-тренерлер ақпаратты жеткізуде өзекті тақырыптар табу, әлеуметтік желідегі ақпараттың ақ-қарасын ажырата білу маңызды екендігіне ерекше тоқталып өтті. Ал семинарды ұйымдастырушы, Түркітілдес журналистер қорының президенті Нәзия Жоямергенқызы түйткілді мәселелерді көтеріп жүрген қаламгерлерге алғысын білдіріп, қашанда өткір ойды жеткізуге жүрексінбеуге шақырды.


Жалпы журналистің позициясы анық, әрбір сұрағы мірдің оғындай сауатты болса кез-келген репортаж көрермен, оқырман немесе тыңдарман көңілінен шығары сөзсіз. Айта кету керек, шығармашылық ортада өткен кездесу қызу пікірталасқа ұласты. Алдағы уақытта тағы да әлеуметтік тақырыптағы семинар-тренингтер ұйымдастырылмақ.

КӘМШАТ ІЗБАСАРОВА,
ҚР Журналистер Одағының мүшесі
Маңғыстау облысы, Ақтау қаласы

Пікір қосу

Please enter your comment!
Please enter your name here

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.