Бас бет Жаңалықтар ҚАЗАҚ ПИАРШЫЛАР КЛУБЫ ҚҰРЫЛДЫ

ҚАЗАҚ ПИАРШЫЛАР КЛУБЫ ҚҰРЫЛДЫ

209 қаралды
0

«Түркітілдес журналистер қоры» ҚҚ ұйымдастыруымен, бүгін Алматыда қазақ журналистері мен қазақ пиаршылары бас қосты. Басты мақсат – қазақ пиарының бүгінгі ахуалы, қазақ журналистерімен арадағы ынтымақтастық, түйткілдерді анықтап, оларды шешудің жолдарын қарастыру.

пиаршылар сурет
Жиында еліміздегі жарнамалық агенттіктердің бірінде PR-менеджер қызметін атқаратын Бақытжан Мұхамедиялы: «Қазақ журналистері белгілі бір салаға маманданбайды. Мәселен, бірнеше жыл бұрын байланыс компаниясында жұмыс істеп жүргенде бірде бір қазақ журналисі баспасөз мәслихаттарына қатысуға құлшынбайтын, сауалдар жолдамайды, шақырған жерлерге келмейді. Есесіне, орысша жазатындар белсенді. Әсіресе, ұялы байланыстың ұңғыл-шұңғылын білетін бір журналист бар. Барлық жерге соны сүйрейміз, жылы жұмсағымызды алдына тосамыз. Тағы бір түйткіл, қазақ пиаршылары әлі күнге дейін орыстілді мамандар мен басшылардың көлеңкесінде жүр. Сеңді жарып шыққан, өз бетінше нәтижеге қол жеткізген, қоғамда салмағы бар тұлға ретінде танылған пиаршы жоқ», – деді. Бақытжанның пікірінше, кейде қазақ журналистері барған жерден міндетті түрде жарнамалық мақала жазу керек деген жаңсақ пікірде жүреді. Сол себепті, еліміздегі ірі компания басщылары БАҚ өкілдерімен танысу, білісу үшін арнайы дастарқан жайса да, бармайды екен: «Меніңше, қазақ журналистері белгілі бір тақырыпқа мамандану керек; компаниядағы пиаршы мамандармен тығыз қатынас орнатып, жүйелі түрде жазбаша сауалнамалар жіберіп отырған дұрыс. Сонда ғана журналистердің ықпалы мен беделі артады».

пиаршылардың
Әріптесінің пікірін қолдаған тағы бір пиаршы маман Тілек Әбдірахманов әріптестерге белсенді болуды ұсына келе, «қазақ журналистерін жиі сынаймыз. Белсенді емес, шараларға жүйелі қатыспайды деп. Бірақ олар баспасөз мәслихаттарына келсе, қазақша сөйлейтін мамандар жоқтың қасы. Бұл бір жағынан қазақ журналистерін құрметтемеу. Ілеспе аударманы ұйымдастырушылардың көпшілігі ескере бермейді әрі қазақша сөйлейтін мамандарды табу қиын», – деді. Тілектің айтуынша, қазақ журналистері көбінесе жағымсыз хабарларға әуес келеді: «Мәселен, жуырда Эйр Астана алықаралық деңгейдегі сыйлықты иемденді. Бұл сыйлықты ТМД бойынша алғаш рет Эйр Астана иеленген. Баспасөз мәлімдемесін жібергенде қазақ журналистерінің ешқайсысы қызығушылық танытқан жоқ. Не үшін берілді? Ол қандай сыйлық? Сұраған жоқ. Ал орыстілділер керісінше, өте белсенді. Олар міндетті түрде апта сайын сауалнамалар жібереді».
Басқосуда тоқталған басты мәселелердің бірі – Қазақстандағы ірі компаниялардың басшылары көбінесе шетелдік немесе орыстілділер, олар қазақ журналистерінің белсенді болуына аса мүдделі емес.
Қазақстандағы ірі компанияларда тәжірибе жинақтаған пиаршы маман Таңат Қожманов та әріптестердің енжарлығы мен немқұрайдылығын сынға алып, тығырықтан шығар жолды ұсынды: «Қазақ журналистері қарым қабілеттері жете тұра, сол деңгейден көріне алмай жүр. Меніңше, кәсіби біліктілікті арттыруда тәжірибелі мамандардың шеберханасын қалыптастырып, жастарды пиар саласына баулу қажет. Бір кездері Қоғамдық пікірді қалыптастыруға ықпал еткен, әділдік пен жариялылықтың үлгісі болған журналистер жоқтың қасы. Ең бастысы, мемлекеттік тапсырыстың кесірінен қазақ журналистері бұрынғы ықпалынан айрылды. Ол ешкімге жасырын емес. Жалынды жас журналистерді тәрбиелеуді қолға алған жөн».
Мемлекеттік тапсырыс мәселесіне қатысты пікірін білдірген Сұрақ-жауап сайтының жетекшісі Ербол Серікбай: «Қазір керісінше, қаақ сайттары керісінше, мемлекеттік тапсырыс бойынша тендерді ұтып аламыз» деген мақсатпен ашылады. Күнделікті қамтитын аудиториясы аз сайттардың өзі тендердің арқасында күн көріп жүр. Бұл ішкі нарықтағы бәсекелесіктің дамуына кедергі», – деді.
Қазақ журналистерінің кәсіби тұрғыда белсенділігі туралы ой қозғаған «Ұлан» газетінің Бас редакторы Жұлдыз Әбділда қазіргі кезде жиі ұйымдастрылатын баспасөз мәслихаттарына жас журналистердің аттап басқысы келмейтінін, есесіне, редакцияға тәжірибе жинақтауға келген студенттердің «міндеті» деп білетінін айтты: «Тағы бір қиындық, қазақ басылымдарының асшыларының көпшілігі PR, маркетинг пен менеджментті дұрыс түсінбейді. Жарнама берушілермен тиімді қатынас орната алмайды. Осы ескі көзқарасты өзгерту керек».

пиаршылард
Қазақ пиаршыларымен тығыз әрі тиімді жұмыс істеу үшін пайдалы ұсыныстар тізімін түзуді ұсынған «Айқын» газетінің жауапты хатшысы Асқар Бек: «Ең алдымен, жалаң ұрандардан гөрі тиімді ұсыныстарды қарастыру қажет. Қазақ журналистері өздері қызмет ететін БАҚ туралы мағлұмат берсе: таралым саны, аудиторияны қамту ауқымы, қарым-қабілеттері т.б. Сонда ғана ірі компаниялар қазақ журналистерінің қолынан не келетініне көз жеткізер еді әрі өзара тиімді қатынасқа мүдделі болады».
Басқосу соңында «Түркітілдс журналистер қоры» ҚҚ жанынан қазақ Пиршылар клубын құруға тағайындауға шешім қабылданды. Клубқа мүше тәжірибелі пиаршылар жас мамандарға тегін шеберлік сабақтарын өткізіп, өздерінің білгендерімен бөліседі. Бұл қазақ пиар саласын дамытуға сеп болары анық.

Пікір қосу

Please enter your comment!
Please enter your name here

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.