Бас бет "Түркітілдес журналистер қоры" ҚҚ «АРЫСТАН» НАУРЫЗДЫ ТОЙЛАДЫ

«АРЫСТАН» НАУРЫЗДЫ ТОЙЛАДЫ

74 қаралды
0

«Жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағында» тіршілік біткенге үмітсыйлай жететін әз Наурызды тойламайтындар кем де кем. «Нұрсұлтан Назарбаевтың  Білім беру қоры» Қоғамдық қорының филиалы «Арыстан» мамандандырылған лицейі де ерекше тойлады. Мерекелік көңіл-күй сыйлайтын көңілді әуен, ұлттық оюлармен безендірілген киіз үйлер, ұлттық киім киген қарттар мен жастар, Алтыбақанға таласқан қыз-бозбала…

Мерекелік концерт қойылымдармен де ерекшеленді. Ауылдың кішкентай балаларының жарыса сүйіншілеп қарсы алған «Наурыз көші» Наурыздың Қазақстанның батыс өңірінде сақталған Амал күнінен басталғанын бейнеледі. Ежелгі «Көрісу» салтымен  құрметті қонақтар мен Бесқайнар ауылының тұрғындарын қарсы алу дәстүрі көрсетілді. Лицейіміздің домбырашылар оркестрі көркем күйді күмбірлете орындауымен думанды мерекеге жиналған барша көрермендерге салтанатты көңіл-күй сыйлады. «Жаңбырменен жер көгерер, батаменен ел көгерер» демекші құт пен бақтың жаршысы болған «Қыдыр атаның» батасын алғаннан кейін тоқтық пен молшылықтың бастауы қасиетті «Тай қазанды» ортаға шығарды. Мерекенің барысы «Қара жорға» биімен жалғасып, ақ тілекті ару аналардың «Шашуымен» әрленді. Ұлыстың Ұлы күнгі мерекесімен Барша қонақтар мен лицей ұжымы мен тәрбиеленушілерін құттықтау сөзі «Арыстан» мамандандырылған лицейінің басшысы запастағы генерал-майор, педагогика ғылымдарының докторы Тауланов Сәбит Сәуменұлына  және Бесқайнар округінің әкімі Шорманов Мейіржан Шорманұлына берілді. Тойда  қазақ тілі мұғалімі Шоранова Гүлдария Әжіқұлқызының орындауымен «Үш меркі» әні, 9-сынып лицеистерінен құралған хордың «Наурыз», вокалдық топтың орындаған «Наурыз», «Қазағым», «Ауылым», «Дастархан»әндері қалың қауымды әсем әннің тұңғиығына шомылдырды. Би жетекшісі Ю.С.Лемешкинаның жетекшілігімен «Көктем», «Табиғат күштері» би қойылымдары арқылы көктемгі табиғаттың ерекшелігі мен сұлулығын, нәзіктігі мен каһарын көрермендерге жеткізе білді. «Ескі жылым есірке, Жаңа жылым жарылқа»  дегендей, Ескі жылды шығарып салу мен Жаңа жылды қарсы алу көрінісін тамашалауда шәкірттердің әртістік қабілеттеріне, сөйлеу шеберліктеріне көрермендер тәнті болды. Осындай мәнді де мағыналы мерекеге лицей тәрбиеленушілердің ата-аналары да кенде қалмай, бір отбасыдай атсалысты.  Шәкірттерге ұлттық салт-дәстүрімізді сақтау мен ұрпақтан-ұрпаққа жалғастыру мақсатында «Тұсау кесу», «Бесікке бөлеу», «Тоқымқағар» салт –дәстүрлерін көрсетті. Мерекеге келген қонақтар мен тәрбиеленушілер лицей алаңында арнайы тізіле тігілген киіз үйлерде ата-аналардың жайған мол дастарханынан дәм татты. Той-думан «Арқан тартысу», «Теңге алу», «Аударыспақ», «Қазақша күрес» т.б. қазақтық ұлттық спорттық ойындарымен жалғасты, мереке соңында қатысушы командалар жеңімпаздары сыйлықтармен марапатталды. Осы Наурыз думанның негізгі сценарийін  құрып, мерекелік бағдарламаның басы-қасында болған Лицейдің тәрбие істері жөніндегі орынбасары Владимир Анатольевич Райхель мен қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімдеріне көпшіліктің айтқан  алғысы ерекше болды.

Шығыс халықтарының, оның  ішінде қазақ халқының ұлы мерекесі болып саналатын ұлттық мейрамды тойлау арқылы  «Арыстан» мамандандырылған лицейінің шәкірттерінің  патриоттық сезімдерін ояту – басты мақсатымыз. Ұлыстың ұлы күні –Наурыз мейрамы жөнінде түсінік бере отырып, сахналық қойылымдар арқылы халқымыздың озық салт-дәстүрлерін бойларына дарытып, шынайылыққа, адамгершілікке, ұлтжандылыққа тәрбиелеуде лицей ұжымы үлкен үлес қосып келеді.

«Түркітілдес журналистер қоры» ҚҚ

Пікір қосу

Please enter your comment!
Please enter your name here

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.